Музыканы естімеу, ырғақты сезінбеу, ән сөздерін түсінбеу – әлемде есту қабілеті нашар 300 миллионнан астам адам осылай өмір сүреді. Олардың 10%-ы – балалар мен жасөспірімдер. Жақын уақытқа дейін саңыраулық олар үшін сүйікті тобының концертіне бару немесе достарымен караоке-барда кеш өткізу сияқты үйреншікті ойын-сауықтарға кедергі болып келді.
Саңырауларға арналған караоке
2003 жылы Лондонда алғаш рет «Саңыраулар кумирі» жобасы көрсетілді – бұл есту қабілеті нашар адамдарға арналған таланттар шоуының баламасы, онда олар ән айтып, би билеп, көрермендерді өздерінің оптимизмімен және қабілеттерімен таңғалдырды. Уақыт өте келе жоба жабылды, өйткені қатысушылар ерекшеліктеріне қарамастан барлық адамдарға толеранттылық танытуға тырысатын кәдімгі шоуларға ауысып кетті.
Британдық шоуда негіз қаланған караокенің барлығына, тіпті ән айту оңайға соқпайтын адамдарға да қолжетімді екендігі туралы идея бүкіл әлем бойынша ондаған байқаулар мен арнайы кештерде көрініс тапты. Осындай жарыстар Ресейде де өткізіледі. Жылына бір рет Челябинск орыс ымдау тіліндегі караокенің астанасына айналады. Қатысушылар ым-ишараның мәнерлілігі мен ән мағынасын жеткізуі бойынша бағаланады.
Тек ойын-сауық қана емес
АҚШ-та караоке-жүйесі мамандандырылған мектептерде ымдау тілін оқытудың ажырамас бөлігіне айналған. Бұл ым-ишараны меңгеруді автоматизмге жеткізудің тамаша тәсілі. Ең бастысы – караоке бойды еркін ұстауға және үйреншікті емес ортада өзін жайлы сезінуге мүмкіндік береді.
Жиі мұндай мектептердің оқушылары есту қабілеті қалыпты адамдар болады. Олар музыка мен есту қабілеті нашар жандар арасында делдал бола отырып, ым-ишара арқылы белгілі бір әннің эмоциясын жеткізуге, нюанстарды ашып, көңіл-күйді беруге тырысады. Естімейтін адамдар үшін дыбыссыз кеңістіктен шығып, өздерін үлкен әлемнің бір бөлігі ретінде сезінудің қаншалықты маңызды екенін айтып жатудың өзі артық болар.
Мысалы, 30 жастағы Эшлиге ымдау тіліндегі караоке өзінің жасқаншақтығын жеңуге және жаңа достармен, пікірлестермен танысуға көмектесті. 2 жасында есту қабілетінен толық айырылған қызға әлемді дыбыссыз түсінуді үйренуге тура келді. 2006 жылы Эшли қарым-қатынас пен караоке үшін YouTube арнасын ашты, бұл қадам оның өмірін түбегейлі өзгертті – ол өзінің жалғыз емес екенін білді.
Есту қабілеті нашар жандар қауымдастығы үшін тағы бір үлкен серпіліс 2015 жылғы «Spring Awakening» («Көктемгі ояну») бродвей мюзиклі болды. Қойылым ымдау тілінде өтеді және XIX ғасырдың соңында Германияда өмір сүрген қиын жасөспірімдер туралы баяндайды. Қойылымның әсемдігі, динамикалық хореография және әкелер мен балалардың мәңгілік қақтығысының саңырау актерлер орындауындағы жаңаша трактовкасы сыншылар мен көрермендердің зор қошеметіне бөленді.
Біз караокені сенбілік кешке арналған жақсы ермек деп санауға дағдыланғанбыз, бірақ музыка дыбыстарын есту мүмкіндігінен айырылғандар үшін бұл одан әлдеқайда маңызды нәрсе. Ымдау тілінде ән айтып тұрған адамдардың жүзіндегі қуанышты көргенде, егер караоке болмаса, оны міндетті түрде ойлап табу керек еді деген ойға келесің.