Караоке баяғыда караоке-клубтардың табалдырығынан аттап өтіп, өмірдің көптеген салаларына еніп кетті. Қазір ән айтуды жұма күндері әріптестермен бірге көңіл көтеру ғана деп санайтындар аз. Ән айту кәрілік деменцияның алдын алу үшін және бизнесмендер мен балаларға жаңа дағдыларды үйрету үшін қолданылады. Ән айту сауда орталығында құрбыңызбен шопингтен кейін демалуға және жұлдызды мансапқа жол ашуға көмектеседі. Ал кештер ше? Караокені өмірде ерекше қолдану тәсілдері — біздің мақалада.
Караоке-такси
Наубайханаға таксимен Bon Jovi әнін шырқап барасыз ба? Бұл заңды ма өзі? Әрине, егер сіз караоке-таксиді пайдалансаңыз.
Мұндай қызмет алғаш рет Жапонияда 1980 жылдардың басында пайда болды. Жапондықтардың өмірінде караоке қандай маңызды рөл атқаратынын ескерсек, бұған таңғалудың қажеті жоқ. Жапондар караоке-клубтарда уақыт өткізеді, кездесулерге барады, келісімшарттар жасайды және бастықтарына жағуға тырысады. Неге жұмысқа бара жатып ән айтпасқа?
«Ән айтатын» таксилер Азия бойынша өте тез таралды. 2010 жылдары олар әлемнің батыс бөлігіне сәтті жетіп, жергілікті тұрғындарға қатты ұнады. Көлікте ән айтуды YouTube-тегі шоуға айналдырған ғаламтор караоке-таксидің танымалдылығын арттыра түсті.
Караоке-терапия
Ән айту пайдалы! Зерттеулер денсаулығыңыз мықты болсын десеңіз, ән айтуға кеңес береді.
Миға тигізетін әсері жағынан таңғы жүгірумен теңестіруге болатын ән айтудың табиғи пайдасынан бөлек, караоке көбінесе жас ұлғаюымен және есте сақтау қабілетінің төмендеуімен байланысты ауруларды емдеу үшін қолданылады. Мысалы, Америкалық Альцгеймер ауруы қауымдастығы деменциямен ауыратын адамдарға естеліктерін сақтауға, зейіні мен есте сақтау қабілетін жақсартуға көмектесу үшін «Миға арналған ән» (Singing for the Brain) бағдарламасын пайдаланады.
Бизнеске арналған караоке
Егер барлық уақыттағы бестселлер «Өте тиімді адамдардың 7 дағдысы» кітабының авторы Стивен Р. Кови осыдан 30 жыл бұрын караоке туралы сәл көбірек білгенде, кітаптың атауындағы сан басқаша болар ма еді.
Парадоксалды естілуі мүмкін, бірақ коммуникативті дағдыларды дамыту, комплекстер мен аудитория алдында сөйлеу қорқынышын жеңу үшін караоке-клубтарды мінсіз тәжірибе ретінде ұсынатын бизнес-тренерлердің саны жыл санап өсуде.
Мысалы, iOS-қа арналған Cloth қосымшасының әзірлеушісі, дәріскер және Forbes авторы Сет Порджес бизнес-мектептер жас мамандарды оқыту үшін караокені қолдануы керек деп мәлімдейді. «Өз уақытымда караокеде көп ән айттым, — деп жазады Сет, — және бұл маған көпшіліктің алдына шыққанда жинақы әрі сабырлы болуды үйретті».
Альбом жазуға болатын караоке-киоск
Құрбыңызбен шопинг жасау қиынға соғып жүр ме? Ол кезекті туфли таңдап жатқанда не істеріңізді білмейсіз бе? Қытайлықтардан үлгі алыңыз. Қытай сауда орталықтарында келушілердің көңіл көтеруі үшін 20 000-нан астам MiniKTV караоке-киоскілері орнатылған.
Сіз ән айтып уақыт өткізе аласыз, немесе одан әрі барып, тұтас бір альбом жаза аласыз. Неге болмасқа? Альбомды бірден әлеуметтік желілерде бөлісуге немесе USB-флешкаға сақтап алуға болады. Құрбыңыз туфлимен оралғанда, сіз тамаша уақыт өткізіп қана қоймай, ғаламтор жұлдызына айналасыз.
Оқытуға арналған караоке
Балаларға ән айтудың пайдасы туралы баяғыдан белгілі. Музыка балаға эстетика, үйлесімділік туралы түсінік береді, табиғаттағы барлық нәрсенің сұлулығы мен синергиясының негізін қалайды, танымдық процестерге көмектеседі.
Сонымен қатар, ән айту оқыту үшін де қолданылады. Белгілі болғандай, балалар жаңа сөздерді музыкамен әлдеқайда жақсырақ есте сақтайды. Мысалы, British Council-дің ағылшын тілін оқыту жөніндегі әйгілі жобасы ең жас оқушыларды оқыту үшін әндерді пайдаланады. Бала ағылшын сөздерін әнмен айтып, үш есе пайда көреді: жаңа тіл үйренеді, сөйлеу қабілетін жақсартады және есте сақтау қабілетін арттырады.
Кезекті зерттеуден кейін британдықтар ән айтатын және музыкамен айналысатын балалар өздерін жақсырақ және бақыттырақ сезінетіні, сәйкесінше жақсы оқитыны туралы қорытындыға келгені таңқаларлық емес. Зерттеу нәтижесі мектеп оқушылары арасында ән айтуды насихаттауға бағытталған Sing Up ұлттық бағдарламасы болды.